Өмір – сынақ. Анар МешимбаеваЧитать онлайн книгу.
министрді орнынан алды. Сол сәтте жаңасын тағайындады.
Біздің сауал менің баяндама жасауымнан басталды. Мен жалпы ұзынсонар баяндама жасамайтын адам едім. Ал, бұл сауал баяндамасыз да түсінікті болған. Ұлттық компания басшыларының бір айлық жалақысы туралы кестені оқып бердім. Фамилияларын атамадым. Онсыз да жүйкелері тозып отырған қатысушылардың қитығына тигім келмеді.
Сараптамада не дедім? Жалақы тым жоғары. Ұлттық компаниялардың жалақысын реттейтін нормалар жоқ. Дамыған елдерде жалақыны заңмен реттеп, директорлар кеңесі тағайындайды.
Мәжіліс залында қырық адам отырған: Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері мен ұлттық компания басшылары. Баяндама соңында екі бет қағазымды бекіткен канцеляриялық түйреуіш жерге түсіп қалғанда зал іші шыбын ызыңы естілердей мүлгіген тыныштыққа оранды. Өз орныма қалай жеткенімді білмеймін. Мен жүріп келе жатқанымды ұрыс-керіс басталып кеткен еді. Президент әрбірін орнынан кезек-кезек тұрғызды. Кейбірін бірден орнынан алып тастады. Мәжіліс залынан бәріміз моншадан шыққандай малмандай су болып шықтық. Мәжіліс залынан шыға салысымен журналистерге арналған брифингке де мен қатысуым қажет екені айтылды. Журналистер холлда камералары мен микрофондарымен дөңгелене тұра қапты. Кешке үйге жеткенімде мұндай жиынға қатысқаннан бір қора тасты аударыстырған оңай ма деп ойладым.
Қауіпсіздік кеңесінің жиыны сияқты жиналыстар өте көп болды. Президент жұмыс істеуге, тапсырылған министрлікті дамытуға шақыратын. Одан кейін сондай ұрысқа беріс керісті Премьер-министрлер жасайтын.
Ендеше не себепті елде тиімді мемлекеттік басқару қалыптаспады? Себебі, бәрі бір адамның ырқына тәуелді еді. Тек соның ықтиярымен, не соның сенімді адамдарының қолдауымен ресурстарға қол жеткізуге болатынын жұрттың бәрі білді.
Бірде Үкімет мүшелері мен ірі бизнес өкілдерін қабылдап отырған үлкен бір жиында Президенттің: «Әрбіріңді түрмеге отырғыза аламын», – деген сөзі бар. Яғни, мемлекет адамдарды заңды өзі бұзуға итермелейді, сосын сол адамдарды қармаққа іліп ап, өзіне қалай ыңғайлы болса, солай манипуляция жасайды.
Президент әкімшілігіндегі жұмысыма Президент көмекшісі – Мәсімов Кәрім Кәкімжанұлы жетекшілік ететін. Ол маған толықтай сенетін. Оған менің сараптама жасай алуым, мәселе туралы қысқа жазып, нақты түсіндіретінім ұнайтын. Алайда, Президентке арнап жазатын қызметтік, сараптамалық хаттарымды мұқият оқитын. Мұндай хаттар тапсырылған және өзім біліп жазылған болып екіге бөлінетін. Кәрім Кәкімжанұлы құжатқа келгенде өте мұқият еді, сөйлескенде де ылғи сабырлы, салмақты қалпынан айнымайтын.
Ешқашан оның ескерту жасағанын естімеппін. Бір күні қызыммен саябақта қыдырып жүрген едім. Қоңырау шалды. Дауысы қаттырақ шықты: «Анара, мұның не? Не жазғансың? Мынаны алып тастау керек», – деді. Президентке арнап өзімнің бастамаммен жазылған хат еді. Хатта Президент пен Премьер-министр аппараттарының қызметі қайталанатынын