Өмір – сынақ. Анар МешимбаеваЧитать онлайн книгу.
не деп айтқанын тәптіштеп баяндайтын. Сұрақтары кәдуілгі сұрақтар болып көрінді. Сосын қызметкерлер маған кірмейтін болды. Шамасы, тергеушілер жағдайды ушықтыруға тырысты. Қорқытып, үркітіп, басшылық қылмыс жасады, ал түрмеге сендерді отырғызады деп қоқан-лоққы жасап, басшылықпен араласпа дегенді айтса керек.
Қазақстанда әрбір мемлекеттік органның бірінші басшысына режимнің қосымша көмекшісі беріледі, яғни ҰҚК қызметкері бекітіледі. Сәуірде менің көмекшімді өзгертті. Жаңа көмекші танысуға келді. Жағдайды шешеміз деп маған қолдау білдірді. Оның қолдауы немен тынғанын тұтқынға түскеннен кейін істі қарағанда білдім. Ол Бюджеттік жоспарлау департаментін шақырып алып, менің үстімнен Қаржы полициясына ұжымдық арыз жазуға көндірген. Бірақ, департаменттің бес қызметкері соған қол қойған екен. Алайда, арызы жалған еді. Бюджеттік жоспарлау департаменті бәрінен қатты қорыққан. Себебі, тендер мен төлем үшін солар жауап береді. Бюджеттік департаментте істеген бір ғана жас қызметкердің жалған арызға қол қоймаймын деуге батылы жетіпті.
Екінші айдың соңына таман Қаржы полициясының сұрақтары қайдан шығып жатқанын түсіндік. Санақ бойынша орынбасарым тергеуден келе сала маған кірді. «Сізден ақшаны қолма қол ауыстырған делдал компаниялар туралы сұрады ма?» – деді ақырын. Осылайша мен тендерге қатыспаған, бірақ ақшаны қолма қолға ауыстырып отырған компаниялар туралы білдім. Қылмыстық істің мәнісі енді түсінікті бола бастады. Мен орынбасарыма бәрі дұрыс, біздің оларға еш қатысымыз жоқ екенін айтып сендірдім.
Менің екі орынбасарымның да отбасы, бала-шағасы бар. Бірінші орынбасарымның екі ұлы бар, 2009-жылы мамырда дүниеге қызы келді. Олар да өз отбасы үшін қатты қорықты. Бірақ, олар жұмысқа келуін тоқтатпады. Тергеуге де шақырған сайын барды. Бірақ, үстімнен арыз жазбады. Екеуіне де үкім кесілді, түрмеге отырды. Санақ бойынша орынбасар – алты жыл отырды. Бірінші орынбасар – бес жылға кесілді. Бірінші орынбасар санаққа мүлде жауапты емес еді. Ол тек негізгі атқарушылар үлгермеген кезде көмектесті. Екеуі де тағылған айыпты мойындамады.
Жалған арызданғандар істі өзгертпеді. Қаржы полициясы оларсыз да мақсатына жетер еді. Бірақ, сол адамдарды аяймын. Біреу үшін жалған куәлік етуге тура келгендеріне ішім ашиды. Тағдыр сондай таңдау жасатқаны өкінішті. Оларға жасалған қоқан-лоқының рас-өтірік екенін олар да, мен де білмейміз ғой. Ешкімді айыптай алмаймын. Өтірік айтудан бас тартқан, жалған арызға қол қоймаған, түрмеге түсесің деген қысымға шыдаған жандарға құрметім шексіз.
Құқық қорғау органдары бәрінен жоғары
Санақ басталмай тұрып Үкіметте кәдуілгі статистика мен құқықтық статистиканы біріктіру керек пе деген мәселе қарастырылды. Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) өз Статистика комитеті бар еді. Комитет мәртебесі бойынша Агенттіктен төмен. Сондықтан біріктірсе, ол Статистика агенттігінің құрамына кірер еді. Бірақ, біздің мәлімет жинақтау тәсілдеріміз әртүрлі. Әдістемелеріміз де сәйкеспейтін. Сондықтан мен де, ІІМ басшылығы да бірігуге қарсы болдық.