Қанатты сөз – қазына. 1-кітап. Кеңес ОразбекұлыЧитать онлайн книгу.
сәлем береді. Балықшы:
– Әркім өзіне қылады, – деп, тағы да аялдамай кетіп қалады. Үшінші күні патша сәлем бергенде тағы да сол сөзді естиді.
Патша ордасына келген соң, балықшы шалдың бұл сөзінің мәнісін білмек болады да, жақсы көретін екі уәзірін жіберіп, балықшы шалды алдырады.
Балықшы ордаға келген соң, өзінің терең ойлы, қызықты әңгімесімен патшаны баурап алады. Әңгімеге айрандай ұйыған патша балықшы шалдың «Әркім өзіне қылады» деген сөзінің мәнісін сұрауды да ұмытып кетеді.
Сөйтіп, патша мен балықшы шал бал жаласқандай тату болады да, бір дастарқанда ас ішіп, әңгіме-дүкенін құрып жата береді. Күндер де зымырап өте береді.
Патшаның жалбыр тонды, жыртық шақайлы балықшы шалды ордасына алып келіп, киіндіріп баптап, соншама қадірлеп жақсы көріп кеткеніне іштері күйген екі уәзір патша мен балықшы шалдың арасындағы қыл өтпес татулықты қалай ірітіп, бір-бірінен алшақтатудың амалын ойлапты. Сөйтіп, олар балықшы шалдың жататын бөлмесіне кіріп:
– Құрметті ақсақал, – дейді сыпайы сөйлеп, – патшамыз сіздің аузыңыздан шыққан лептің сасықтығынан жиреніп: «Бұдан былай менімен дастарқан басында тамақ ішуден тыйылсын, жаныма жолатпаңдар» деп бұйырды, – дейді.
Балықшы шал жұмған аузын ашпайды.
Күндер өте береді. Балықшы шалдың қасына не себептен келмей жүргенін білмек үшін патша екі уәзірін шақырып алып, сұрайды. Сонда бір уәзір тұрып:
– Алдияр тақсыр, ұмытып барады екенмін. Ол кісі «патшаның аузы тым сасық екен, онымен бірге отырып тамақ ішпеймін» деп келмей жүр, – деп мәлімдейді. Өңі сұрланып, ашуға булыққан патша:
– Ол бетпақ, арсыз қақбасты зынданға тастаңдар! – деп бұйырады. Осы жарлықты күткен уәзірлер патша әмірін табанда орындайды. Екі уәзір ойлаған мақсаттарына жетеді.
Ағып ай, жылжып жыл өтеді. Зындандағы күнәлілерді жылына бір тексеріп тұратын бұл патшаның дағдысы екен. Сондай тексеріп, үкім шығаратын уақыт жетеді. Сонда балықшы шалдың қылмысын тексере келгенде, оның күнәсі «патшаның аузы сасық» деген сөз екен. Тексерушілер шалды патшаның алдына алып барады.
Патша мен балықшы шал беттесіп сөйлескенде, екеуінің де мұндай сөз айтпағаны, бұл сөзді екі уәзірінің ойдан шығарғаны, екеуінің терең татулығын бұзбақ болғаны анықталады.
Бұл ахуалды білген соң, патша қатты қаһарланады. Кәріне мініп, ашудан қалтырап кетеді. Жендеттерге екі уәзірінің басын табанда алдырады. Сонда балықшы ордасына неге алдырғаны қалт есіне түседі. «Әркім өзіне қылады» деген сөздің мағынасын айқын түсінеді. Содан кейін балықшы шалды уәзірлікке тағайындайды. Сөйтіп, әділ билігімен даңқы жайылады.
Б
БАЙЛЫҚ – ҚОЛДА ҰСТАҒАН МҰЗ,
БАҚ – ҰЗАТЫЛҒАН ҚЫЗ,
БАЛА – АДАМНАН ҚАЛҒАН ІЗ
Дүние-байлығың еріген мұздай жоғалып, жарлы болуың оңай, бақ та басыңа қонып, енді бірде ұзатылған қыздай тастап кетеді. Ал артыңда қалған балаң – өміріңнің жалғасы, үйіңнің отын сөндірмей, ұрпақ үрдісін жалғастыратын із сияқты мәңгілік дегенді аңғартады.
Бірде Шымкентте өткен ояздық жиналысқа Шойынбет би төрелік жасайды. Келгендердің кейбіреуі