Қанатты сөз – қазына. 2-кітап. Кеңес ОразбекұлыЧитать онлайн книгу.
СҰРҚЫЛТАЙ
«Жетісуда Шыңғыс әулетінен төрелік еткен Тезек төре ақындыққа, өнерге бой ұрған адамның бірі болған. Оның Сүйінбаймен айтысында:
Тұсында Абылайдың Бұқар жырау,
Хан Әбілдің кезінде Түбек тұр-ау.
«Әр заманның бар дейді сұрқылтайы»,
Сұрқылтайым менің де екен мынау, —
дейді.
Қазақта «Әр ханның тұсында бір сұрқылтай» деген мәтел бар. Халқымыздың қолданған «сұрқылтай» сөзінің мағынасы «ханның кеңесшісі, ақылшысы, сөзін сөйлейтін ділмар, ақыны» дегенді білдіреді. Бұқар жырау – Абылай ханның ақылшы-кеңесшісі, сұрқылтайы болса, Тезек төренің айтуына қарағанда, Әділ ханның сұрқылтайы Түбек жырау болған. Мән-мағынасы мүлдем күңгірт тартып кеткендіктен, казіргі жазушылардың бірқатары мұны жағымсыз адамды сипаттайтын сөз ретінде қолданғандары байқалады. Тіпті бұл сөзді сын есім (оны да жағымсыз сипатты білдіретін) ретінде қолданушылық та бар». (Р. Жарылқасынов, 51.).
Бүгінде бұл сөз тіркесі әрбір елбасшы, әкім, бастықтың тұсында бірен-саран халыққа жағымсыз, нашар, атақ-дәрежесіне лайықсыз әкімсымақтар болатынын меңзеп, кері мағынасында айтылып жүр.
ӘСЕМПАЗ БОЛМА ӘР НЕГЕ,
ӨНЕРПАЗ БОЛСАҢ АРҚАЛАН.
СЕН ДЕ БІР КІРПІШ ДҮНИЕГЕ,
КЕТІГІН ТАП ТА, БАР ҚАЛАН!
«Дүние бір алып құрылыс, оған әрбір адам өз үлесін қосу керек деп тұжырымдайды: „Әсемпаз болма әр неге, өнерпаз болсаң арқалан, Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!“ дейді. Абай ақыл-парасатты дәріптеп, ғылым мен ағарту иделарын насихаттайды. Абайдың философилық ой-пікірінің әлеуметтік маңызы мен алға басарлық мәні, міне, осында». (М. Қани, 55.348-349-б.)
Ал, біздің жұрт бүгінде әр кімге бір еліктеп, әсемпаз болуға тырысатын сияқты. Бұл түрімізбен қайда барып, не оңдырмақпыз?
Б
БАЙАНА, ҰМАЙ АНА, МАЙ АНА
«Бұл тақырыпқа кейіннен келген Л. П. Потапов арғуларды арғын руымен жақындастырады: «Прежде всего о племени аргу, в среде которого (ХІв.) бытовало слово baуat в значении «бог». Этнографиялық деректер түркі-моңғол халықтарының Байана, Ұмай ана, Май ана деп атап жүргендерінің бір ғана ана құдайы екенін анықтайды.
Қазақтың ішінде сақталған «ой-бай» сөзінің семантикалық мағынасы тек Байана ұғымы арқылы ғана түсінікті болады. «Ойбай» сөзі Байананы көмекке шақыру, жалбарыну, толық нұсқасы «Ой-бай-ана». Байана атының ұмтылуына ислам дінінің тікелей ықпалы бар екенін көреміз. Шындығында да Сібір түркілерінің әлі күнге есінде жүрген «Байана» қазақтың ішінде тек «Баян сұлу» немесе одағай «ойбай» түрінде сақталуы ислам дінінің тікелей ықпалының нәтижесі…
Байат – құдай деген мағынада арғу тілінде қолданылады екен, кейін бұл сөздер Қарахан қағанатының әдеби тілдеріне енген… Байат, байата – еркек құдай, ал байана әйел құдай ретінде қолданылған болар.
Көне заманда «байана» ұғымының географиялық және этникалық шекарасы Еуразия құрылығын түгел қамтып жатты. Бұл ұғым тек түркі-моңғол ғана емес, үнді-еуропа, фино-угор, семито-хамит, т. б. тіл семьияларында