Қанатты сөз – қазына. 2-кітап. Кеңес ОразбекұлыЧитать онлайн книгу.
Бүркіттің ең алғашқы туғанын „балапан“ дейді. Екі жасарын – „қантүбіт“, үш жасарын – „тірнек“, төрт жасарын – „тастүлек“, бес жаса-рын – „мұзбалақ“, алты жасарын – „көктүбіт“, жеті жасарын – „қана“, сегіз жасарын – „жана“, тоғыз жасарын – „майтүбіт“, он жасарын – „барқыт“, он бір жасарын „баршын“ деп атайды. Тіліміздегі „бала-паннан баршынға жеттің“ деп жататын сөз – адамның өсіп-жетіліп, кемелденуін образды түрде осылай теңеп айтқаны». (Б. Момышұлы, 15.125-128-б.)
Негізінен қыздардың бой жетіп, толысқанын да осы сөз тіркесімен дәріптейді.
БАЛҚАН, БАЛҚАН, БАЛҚАН ТАУ,
О ДА БІЗДІҢ БАРҒАН (КӨРГЕН) ТАУ
«…Әзірше, қазақ ауыз әдебиетінде сақталған, мейлінше қазақтың скиф – сақ дәуіріне қатысы бар бір-екі нақыл жұмбақ сөздерге тоқтала кетейік.
«Балқан, Балқан, Балқан тау, о да біздің барған тау – дейтін нақылды, „Ұлың Ұрымға кетсін, қызың Қырымға кетсін“ дейтін қарғысты күні бүгінге дейін екі қазақтың бірі біледі. Бұл „мәтелдер“ біз сөз ғып отырған заманнан беріректе шығуы мүмкін. Өйткені скиф – сақ ұрпақтары варвар деген жалпы атпен кейініректе Балқанға да, Римге де бірнеше рет жорықпен барып қайтқан». (Б. Адамбаев, 1.263-б.).
Қиян түкпірдегі бір елді-мекенге немесе алыс шет елге барып, көріп-білгенін жеткізерде осы мақалға сүйенеді.
Ал «Ұлың Ұрымға кетсін, қызың Қырымға кетсін» деген мәтел бүгінде басқа жаңа мән-мағынаға ие болып, «Ұлың – Ұрымға, қызың – Қырымға» деген өзгеріске ұшыраған. Яғни, ұл-қыз өсіріп, оларды жетілдірген, үйлендіріп, жеке шаңырақ көтеріп, шалқып өмір сүрген отбасыны дәріптегенде немесе той-қуаныштарда ізгі тілек, бата ретінде айтылады.
БАЛТА ТҮСКЕНШЕ, БӨРЕНЕ ЖАЛ ТАБАР
«Бұл мақалды „Балта шауып үлгергенше, бөрене тыныс ала тұрады“ деген мағынада ұғу керек». (М. Әлімбаев.).
Бұл мақал ойлануға, кеңесуге, ақылдасуға мұрсат, уақыт бар деген мәнде айтылады.
БАЛЫҚ АУЛАЙ АЛМАҒАН СУДЫ ЛАЙЛАЙДЫ
«Адамзат тұрмыс-салтында мал бағып, егін егуді үйренбей тұрғанда-ақ, аңшылықпен қатар балық аулаумен айналысқан. Әуелі балықты тұйық жерге қуып қамап, қолмен ұстап, шанышқы, найзамен түйреп ұстаса, соңынан қайықты ойлап тауып, қармақпен аулауды, тор салуды үйренеді. „Балық аулай алмаған суды лайлайды“ деген мақал ертеден қалған». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57.120-б.).
Қолынан іс келмейді, қайта бүлдіреді деген ойды береді.
БАРҒАН ЖЕРІҢ БАЛҚАН ТАУ—
ОЛ ДА БІЗДІҢ КӨРГЕН ТАУ
(Екінші нұсқасы) *
Біз барған, барып көрген жер деген мағынаны береді.
«Балқан тау. Қазақ аңыздарында кездесетін аңыздық таудың аты.
Барған жерің Балқан тау —
Ол да біздің көрген тау.
Бұл өлең жолдары аңыздық әңгімелерде жиі кездеседі, бірақ, ежелгі мифтік мағынасы белгісіз. Сарыарқада осы аттас тау бар делінеді.
Түркілік тарихи ареалда бірнеше Балқан таулар бар. Бірі – Солтүстік-батыс Түрікмениядағы