ТҰРАН БАҺАДҮРЛЕРІ НЕМЕСЕ ЕР, БИ, НАРДЫҢ ЕРЛІК ЖОРЫҚТАРЫ. Кеңес ОразбекұлыЧитать онлайн книгу.
ойнатып, бұлшық еттері білем-білем кеудесі бір көтеріліп, бір басылып, өткір қой көздері ұшқын атып, тістерін шақыр-шұқыр еткізіп қайрады да, айнала жұрттың көзінше өзіне-өзі қол жұмсады. Беті-қолын, тұла бойын өткір қарумен қан-жоса етіп аямай тілгілеп, кескілеп тастады. Айналасында тұрған жұрт оның айқыш-ұйқыш тілгіленіп, қан сорғалаған денесін көріп, ауыздарын ашып, жағаларын ұстады:
– Уа-а!
– О, тоба!!!
– Тәңірі сақтай гөр!.. – деумен ғана тынды.
***
Көшкен жұрттың ескі жұртында күнге шыжып, кіре жолдың шаңына аунап жатқан жерінен оны парсылардың шолғыншы жасақтары тауып алды. Тұла бойы қызыл ала қанға боялған күйінде Шырақты Дарийдің алдына жеткізді.
– Маған олардың не істегенін көрдіңдер ме? – деді ол тісін қайрап. – Жауыз иттер! Оларға мен әлі көресісін көрсетемін! Ит терілерін басына қаптатамын! Егер қажет болса, жол бастап барайын. Мен білемін олардың қайда бет алғанын. Сендерді сақ әскерінің тура үстінен түсіремін! Сөйтіп, мені қорлап-жәбірлегендері үшін олардан қалайда кегімді аламын!
Шырақтың қып-қызыл қанға боялған сықпытын, қарғанып, тісін қайрағанын көріп, парсылардың сенбесіне амалы қалмады.
– «Өлмегенге өлі балық кездесер» деген, – деді Дарий. – Кәне, сүйемелдеп тұрғызыңдар. Жарасын таңып, үсті-басын тәртіпке келтіріп, тамақ беріңдер. Бізге жол бастаушы керек.
Сөйтіп, Шырақ парсылардың сеніміне кіріп, оларды шөл даланың шалғай түкпіріне басын алға созып, ентелеген күйі бастай жөнелді.
– Төңіректегі құдықтар түгел уланған, шөбі өртелген, – деді Шырақ парсыларға. – Оларға апаратын қауіпсіз, төте жолды тек мен ғана білемін!..
***
Бауырлар ұшы-қиырсыз шөл даланы қақ жарып жүріп келеді. Олар жүзген, қылша, құмсағыз бен жантақ өскен ала тақыр мен құм төбелерді артқа тастап, із кесіп, айнала атырапқа барлай қарайды. Алдағы тағы бір төбенің жонына шыға бергенде, Нар:
– Ер, дүрбіні бере тұршы, сонау көкжиектегі қарайған жолақты көрдіңдер ме, соған көз салайын. – деді. Ол дүрбіге шұқшия үңілді де, – Бауырлар, мына келе жатқан қалың әскер ғой! Мә, сендер де анықтап қараңдаршы, – деді.
Олар да дүрбіні кезек-кезек алып қарай бастады.
– Иә, алдында бір топ шолғыншылар да келеді. Солардың арасында жол көрсетіп жүрген Шырақ та бар шығар.
– Дұрыс айтасың. Шолғыншылардың бәрі әскери киімді – дулыға, сауытты да, тек бір адам ғана жай киім – шапан, басына қалпақ киген. Сол Шырақ болуы керек.
– Иә, дұрыс айтасың. Сол Шырақтың өзі. Үстіндегі бақташы киімі ғой. Енді оны өлімнен қалай арашалап аламыз? Соның жайын кеңесейік.
– Олардың шөл даланы кезіп келе жатқандарына қанша күн болды екен? Алдымен соны анықтауымыз керек. Өйткені, жетінші тәулікте бар сыр ашылып, Шырақтың басына қауіп төнбейтін бе еді?
– Сондықтан ара қашықтық сақтап жүріп, оларды бақылайық. Әне, парсылардың түр-кескіндері анығырақ көріне бастады. Жүздерінен шаршағандық пен қажығандық байқалады. Күш-қайраттары